Нотариустың атқарушылық жазбасы!
Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» ұлт жоспарындағы алға қойған міндеттерінің бірі жеңілдетілген өндіріс пен татуластыру рәсімдерін кеңінен қолдану, атап айтқанда нотариустың Атқарушылық жазбаны енгізу қажеттілігі болып табылады.
Қазақстанда 15 жылдан астам уақыт бойы нотариаттық актілерді орындаудың жария тәртібі болған жоқ, ал нотариустың Атқарушылық жазбасы 2000 жылы нотариаттық іс-қимыл түрлерінен алынып тасталды, дегенмен «Нотариат туралы» ҚР Заңына 2016 жылғы «21» қаңтардағы заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты нотариустарға Атқарушылық жазба жасауға өкілеттік берілді.
Қазіргі уақытта Атқарушылық жазбаны қолдану, нақтырақ айтқанда олардың күшін жою тәжірибесі әртүрлі өңірлердегі нотариустарда әртүрлі қалыптасты.
Мысалы, нотариустар жекелеген жағдайларда, егер кез келген қарсылық келіп түссе, Атқарушылық жазбаның күшін жояды. Алайда, мұндай қарсылықты нотариус қабылдай алмайды, өйткені онда мәлімделген талаппен келіспеудің нақты себебі көрсетілмеген («Нотариат туралы» ҚР Заңының 92-6-бабының 3-тармағына сәйкес).
Көп жағдайда, Атқарушылық жазба жасаған нотариустарда борышкерлер өз қарсылықтарында нотариустың Атқарушылық жазба жасағаны туралы хабарлама алмағаны және оның өтініш берушінің алдында борышкер болып табылатындығы туралы нотариустың ескертпегені туралы жиі жазатындығы анықталады.
«Нотариат туралы» ҚР Заңының 92-6-бабына сәйкес атқарушылық жазбаның көшірмесі борышкерге тараптар арасында жасалған шартта көрсетілген электрондық пошта мекенжайына; соңғы белгілі тұрғылықты жері бойынша табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен жіберілген болса, оның ішінде кәмелетке толған отбасы мүшелерінің бірі, көрсетілген мекенжай бойынша адаммен тұрып жатқан басқа адам алған болса; жеткізілгенін тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберілген болса, ол алынды деп есептеледі. Хабарлама адресатқа, алушыға оны табыс ету мүмкін болмағаны туралы белгісімен немесе оны қабылдаудан бас тартуға байланысты қайтарылған жағдайда, Атқарушылық жазбаның көшірмесі тиісті түрде жіберілді деп есептеледі.
Егер нотариусқа борышкерден 10 (он) жұмыс күні ішінде қарсылық түспесе, онда нотариус 11 (он бірінші) жұмыс күніне Атқарушылық жазбаны атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулы шығаратын сот орындаушысына орындауға жібереді. Бұл жағдайда нотариус Атқарушылық жазба сот орындаушысының іс жүргізуінде болуына байланысты Атқарушылық жазбаның күшін жоя алмайды.
Қарсылық мәлімделген талаппен келіспеу негіздерін (себептерін) қамтуы тиіс, мысалы: өтініш берушінің сомасы дұрыс көрсетілмеген; өтініш беруші мен борышкер арасындағы даулы жағдайлар; егер талап қою (өтініш) құқығы туындаған күннен бастап 3 (үш) жылдан астам уақыт өтсе және келіспеудің басқа да дәлелді себептері.
Іс жүзінде қарсылықтарда борышкерлер көбінесе нотариус жасаған Атқарушылық жазбаға қарсы болады, өндіріп алушы мәлімдеген талаппен келіспеу себептерін көрсетпей, өзі және өндіріп алушы арасындағы даудың бар екендігін растайтын құжаттарды қоса бермейді. Егер қарсылықта борышкердің мәлімделген талаппен келіспеуінің негізді себептері болмаса, борышкер негізді, тиісті дәлелдемелерді ұсынбаса, сондай-ақ егер қарсылық Атқарушылық жазба жасалғандығы туралы хабарламаны алған сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні өткеннен кейін берілсе, мұндай жағдайларда нотариус Атқарушылық жазбаның күшін жоюдан жазбаша түрде бас тартуы тиіс.
Нотариус Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сілтеме жасай отырып, борышкерге Атқарушылық жазбаның күшін жоя алмауының себептерін көрсетіп, жазбаша, дәлелді жауап дайындайды, сондай-ақ жазбаша жауапта нотариус борышкерге «Нотариат туралы» ҚР Заңының 92-8-бабына сәйкес сот тәртібімен Атқарушылық жазбаға дау айту мүмкіндігін түсіндіреді. Нотариус жазбаша дәлелді жауапты «Нотариат туралы» ҚР Заңының 92-6-бабына сәйкес борышкерге табыстауы немесе жіберуі тиіс.
Борышкерге жазбаша дәлелді жауаптың мысалы:
Кімге: И.И.Ивановқа Сіздің 2023 жылғы 01 наурыздағы қарсылығыңызға«Нотариат туралы» ҚР Заңының 92-6-бабына сәйкес борышкер атқарушылық жазбаның көшірмесін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде атқарушылық жазбаны жасаған нотариусқа хабарламасы бар мәлімделген талапқа қарсы қарсылығын жазбаша түрде жіберуге құқылы екендігін хабарлаймын. «Қазпошта» АҚ жеткізу туралы ақпараты негізінде – 01.12.2022 жылы сағат 17:15-те пошташы сізге табыстай алған жоқ, Сізге беру пунктінде конверт бар екендігі туралы хабарлама қалдырылды. «Нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесінің 227-тармағына сәйкес нотариус Атқарушылық жазба жасалғаннан кейін келесі жұмыс күнінен кешіктірмей көшірмесін электрондық почта мекенжайы бойынша немесе борышкердің соңғы белгілі тұрғылықты (орналасқан) немесе тіркелген жері бойынша беру туралы хабарламамен жеткізуді тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдарын пайдалана отырып, борышкерге табыс етеді немесе жібереді. Атқарушылық жазбаның көшірмесі, егер ол соңғы белгілі тұрғылықты жері бойынша борышкерге тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен жіберілсе, алынды деп есептеледі. Хабарламаны адресатқа тапсыру мүмкін еместігі туралы белгісі бар хабарлама қайтарылған жағдайда, Атқарушылық жазбаның көшірмесі тиісінше жіберілген болып есептеледі. Атқарушылық жазбаның көшірмесі мен хабарламасы бар конверт Сізді беру пунктінде 1 ай күтті. Оны орындау үшін Атқарушылық жазба Астана қаласының жеке сот орындаушысы И.И.Петровқа 05.01.2023 жылы жіберілді. Жоғарыда айтылғандардың негізінде 30.11.2022 жылғы Атқарушылық жазбаның күшін жою туралы қаулы шығару мүмкін емес деп санаймын. «Нотариат туралы» Заңның 92-8-бабы 2-тармағының негізінде, егер жасалған Атқарушылық жазба борышкердің қарсылығы бойынша нотариустың қаулысымен күшін жоймаса, оған дау айту сот тәртібімен жүзеге асырылады. Нотариус Сидоров С. С. Осылайша нотариус тек мынадай жағдайларда Атқарушылық жазбаның күшін жояды: егер қарсылық хабарламаны алған сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде түссе; егер қарсылық мәлімделген талаппен келіспеу негіздерін (себептерін) қамтыса және борышкер өзі және өндіріп алушы арасында даудың болуын растайтын құжаттарды қоса берсе. |
Нотариус егер Борышкер:
қарсылық білдіру мерзімін өткізіп алса;
қарсылық атқарушылық жазбаның күшін жоюға негізделген себептерді қамтымаса;
қарсылық атқарушылық жазбаның күшін жоюдың негізделген себептерін қамтыса жазбаша дәлелді жауап береді.
Егер Атқарушылық жазба жасалған кезде өндіріп алушы мен борышкер арасында сот дауы болса, мәмілені сот жарамсыз деп таныса, ал борышты борышкер ішінара немесе толық өтеген болса немесе құқық туралы даудың бар екендігін мәлімдейтін өзге де мән-жайлар сияқты даулы жағдайларда, онда мұндай дау талап қою ісін жүргізуде қаралуы тиіс. Қарастыру нысаны – борышкердің өндіріп алушыға Атқарушылық жазбаны толық не ішінара орындауға жатпайды деп тану туралы қойған талабы болып болады.
Нотариат — бұл нотариаттық іс-әрекеттер жасау арқылы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін білікті заң көмегін көрсетудің құқықтық жүйесі екенін мойындай отырып, борышкердің қарсылық білдіруі негіздемесінің дұрыстығын тексеру – бұл нотариаттық іс-әрекеттер жасау кезінде міндетті шарт болып табылады.
Сондықтан Атқарушылық жазбаның күшін жою туралы шешімді нотариустар тек негізді және анық дәлелдер болған жағдайда ғана қабылдауы тиіс деп санаймыз.
Нотариаттық қызмет азаматтардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау және қамтамасыз ету үшін тұрақты құқықтық кепілдіктер береді.
Сондықтан қазіргі уақытта нотариаттық қауымдастық арасында нотариаттың құқықтық жүйесін дамыту және жетілдіру, сондай-ақ оның өкілеттіктерін кеңейту, азаматтар тарапынан нотариустарға деген сенімді нығайтуға байланысты қызу пікірталастар жүргізілуде.
Осылайша, азамат нотариусқа жүгінген кезде оның нотариустан сауатты және білікті заң көмегін алатындығына сенімді болуы керек. Нотариус клиентке оның сұранысын шешудің ең тиімді, жылдам құралдарын ұсына алуы үшін нотариус өз клиентінің қызметінің ерекшелігін, оның қажеттіліктері мен сұраныстарын білуі тиіс.
Нотариаттық қауымдастық сот жүйесі органдарын алмастырмай, азаматтардың істерін шешу процесін жеңілдетуге және жеделдетуге қабілетті. Бұл үшін заңнама нотариустардың өкілеттіктерін кеңейтіп, нотариустар жасаған Атқарушылық жазба институтын одан әрі дамытуға ынталандырды.
Сондықтан мұндай әрекеттердің нәтижелері азаматтардың сот органдарына жүгінуінің алдын алуға, судьялардың сот жүктемесін едәуір төмендетуге, сондай-ақ азаматтардың уақыты мен қаржылық шығындарын үнемдеуге бағытталуы тиіс.
Осылайша, Қазақстандағы нотариаттық қауымдастық азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге қабілетті толыққанды көпфункционалды азаматтық қоғам институтының рөлінде болуы тиіс.
Атқарушылық жазба – талаптарды даусыз сипатта тез және тиімді шешуді қамтамасыз етуге қабілетті маңызды құқықтық құралдардың бірі болып табылады.
Астана қаласының нотариустары:
Шагирова Лаура Мухамедкалиевна,
Кыдырбаева Гульмира Темирхановна