Мәмілелерді блокчейн жүйесінде жасау қауіпсіз емес пе?
Жақында барлық жаңалықтарда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы әзірлеген блокчейн өнімі туралы ақпарат болды, соның арқасында онлайн режимде екінші деңгейлі тұрғын үйді сатып алуға және меншік құқығын тіркеуге мүмкіндік туды.
Мемлекеттік корпорация басқармасы төрағасының айтуынша, процестің қауіпсіздігі үшін тіркеуші органдарға тараптардың еріктілігін онлайн-режимде тексеруге, мәмілеге ЭЦҚ арқылы қол қоюға мүмкіндік беретін биометрия пайдаланылады.
Бір қарағанда, бұл технологияны енгізу уақытты, ресурстарды, қаражатты үнемдейді.
Бірақ «тегін нәрсе тек жатпас» демекші, жылжымайтын мүлікпен мәмілелерді жасау кезінде өзі саласының кәсіби мамандары нотариустар көрсететін кепілдендірілген заңды көмекке қаражатты үнемдеу тараптарды неге әкеп соқтыруы мүмкін? Салыстырып көрейікші, Wildberries сайтында тауар сатып алу мен 1 шаршы метрі орташа алғанда 500 мың теңгені құрайтын жылжымайтын мүлікті сатып алу. Нотариалды куәландырылған мәмілеге 40 мың теңге сомасында төлеу адам өмірі үшін маңызды мәнге ие объект үшін артық және пайдасыз болып табыла ма? Тұрғын үйдің болуы және оны заңды түрде иелену, пайдалану және билік ету құқығы адамның әл-ауқатының ең маңызды шарты болып табылатындығы даусыз. Бұл технология, әрине, прогрессивті мәнге ие, бірақ ол субъектілердің құқықтарын қорғау жөніндегі мемлекеттің көпшілік функцияларын жүзеге асыратын нотариустардың қызметін құнсыздандырмауы керек. Әзірге бұл технология жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару бойынша мәмілелерде тараптардың құқықтық қорғалуын толық көлемде қамтамасыз етпейді.
Мәміленің нотариалды куәландырылуы оның заңдылығын, оның ішінде тараптардың әрқайсысының оны жасауға құқығының бар-жоғын тексеруді білдіреді. Нотариус заңсыздық жағдайында жауапкершілікке тартылады және өз беделіне нұқсан келтіреді, сондықтан өз ісінің адал, кәсіби маманы бола отырып, ол заңсыз әрекеттерге бармайды. Нотариаттық куәландырудың артықшылығы, ең алдымен, ол тараптардың ерік-жігеріне көз жеткізеді, оны жасасқан адамдардың құқық қабілеттілігі, әрекет қабілеттілігі мен деликт қабілеттілігін анықтайды.
Көп жағдайда мәмілелер заңдылығын анықтау арнайы уәкілетті органдардың рұқсаттары талап етілетін кәмелетке толмағандармен, әрекет қабілеті шектеулі адамдармен, ал кейде әрекетке қабілетсіз адамдармен жасалады. Жеке сот орындаушыларының мүлікке билік ету бойынша қандай да бір әрекеттерге тыйым салуы туралы қаулылары бар адамдардың мәмілелер жасасу да кең таралған. Белгілі бір уақыт ішінде ақшамен және мүлікпен мәмілелер жасауға тыйым салынған экстремистік және террористік қылмыстар жасады деген айыппен сотталғандар мен түрме мерзімін өтегендердің мәмілелер жасасу жағдайлары орын алады, бұл мәліметтердің барлығы құқық субъектілеріне қатысты заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында нотариустарға қолжетімді Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеде қамтылған. Ең күрделі және проблемалы мәселелердің бірі – ерлі-зайыптылардың ортақ мүлікке қатысты мәмілелер, сондай-ақ ортақ үлестік немесе ортақ бірлескен меншік иелерінің құқықтары туралы мәмілелер.
Егер бұл өнім биометриялық деректерді оңай өңдей алатын болса, Digital жүйесі адамның бет-әлпетін қалай тани алады деген сұрақ туындайды? Ол алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде ме, әлде сіздің алдыңызда құмар ойындарға тәуелділік диагнозы қойылған адам ба, химиялық және химиялық емес тәуелділік жағдайында азамат адекваттылығы мен сыни ойлауын жоғалтады. Азаматтық заңнама негізінде сот мұндай мәмілелерді жарамсыз деп таниды, осыдан кейін тарап ақшасыз және жылжымайтын мүліксіз қалуы мүмкін. Нотариустың міндеттеріне жоғарыда айтылғандардың барлығын тексеру кіреді, сондай-ақ нотариус тараптардың ерікті түрде әрекет ететінін, қысымға ұшырамағанын, жасалған әрекеттердің мағынасын түсінетінін, олардың шынайы себептері мен басқа аспектілерін анықтайды.
Тараптардың шынайы ерік-жігерін тексере отырып, әңгіме барысында әрекет қабілеттілігін сырттай тексереді. Көптеген жағдайда адамдар пәтерді кепілдікке қойып, қарызға ақша алу үшін сатып алу-сату шартын жасасауға әрекеттенеді. Мұндай заңсыз мәмілелердің салдары, әрине, өкінішті, бірақ ондай жағдайларды нотариус ерте кезеңде анықтай алады.
Сондай-ақ, нотариустың міндетіне құқық белгілейтін құжаттардың түпнұсқалығын тексеру кіреді. Бүгінгі күні блокчейн арқылы өз құқықтарын ресімдеген адамдар бірқатар проблемаларға тап болады, өйткені олардың цифрлық мәмілесін анықтау мүмкін емес. Цифрлық құжаттарда QR коды немесе қандай да бір бірегей код болмайды. Мұндай мәмілелердің бірыңғай тізілімі бар-жоғы да белгісіз, шарттарда мұндай мәліметтер жоқ.
«Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» ҚРЗ 1-бабының 12) тармақшасына сәйкес, электрондық құжат – ақпарат электрондық-цифрлық нысанда ұсынылған және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат болып табылады.
Сонымен қатар, электрондық құжат келіп түскен кезде ЭЦҚ ашық кілтін және ЭЦҚ қалыптастыру және тексеру процесін іске асыратын, сондай-ақ техникалық реттеу саласындағы ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен сәйкестікті растау рәсімінен өткен ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын пайдалана отырып, ЭЦҚ түпнұсқалығын тексеру рәсімі жүргізілуі тиіс.
Алайда қазіргі уақытта мұндай мүмкіндік банктерде де, нотариустарда да, құқық белгілейтін құжатты сәйкестендіретін басқа ұйымдарда да, жеке және заңды тұлғаларда да жоқ.
Нотариус мәміленің дұрыстығы мен заңдылығына мүдделі, өйткені ол өз әрекеттері үшін әкімшілік, қылмыстық және мүліктік жауапкершілікте болады. Сондықтан нотариус міндетті түрде өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандырады.
Нотариус азаматтар мен заңды тұлғаларға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге, заңнан хабардар болмауы оған зиян келтірмеуі үшін, жасалатын нотариаттық іс-әрекеттердің салдары туралы ескертуге міндетті.
2015 жылдан бастап нотариустар мәмілелерді жылжымайтын мүлікке құқықтар мен ауыртпалықтарды тіркеуге электрондық түрде жолдайтынын атап өткім келеді. Бұл мәмілені куәландыру үшін нотариусқа жүгінудегі артықшылықтардың бірі – сіз Мемлекеттік корпорацияға бармай, мәміледен кейін бірден сатып алынған жылжымайтын мүлікке құжаттарды нотариус кабинетінде отырып, тіркеуге жібере аласыз. Сонымен қатар, пилоттық жобада нотариустар сенімхаттарды онлайн режимінде, бірақ бейнеконференция арқылы куәландырады.
Нотариаттық мәмілелер артықшылығының аса маңызды факторы нотариустар – азаматтардың 11 әлеуметтік әлсіз санатын нотариаттық іс-әрекеттер жасағаны үшін төлем жасаудан босату арқылы өз есебінен әлеуметтік ауыртпалықты көтеретін Қазақстандағы жалғыз заңгерлер болып табылады, ал Мемлекеттік корпорация, құрылыс салушы компаниялар, банктер жеңілдік берілген адамдарды өз қызметтерін көрсеткені үшін толық көлемде төлемнен босатпайды. Банктердің жылжымайтын мүлікті ипотекаға рәсімдеу кезіндегі қызметтеріне төлем тараптар нотариусқа төлейтін сомадан әлдеқайда көп. Бұл ретте мәміле жарамсыз деп танылған жағдайда Мемлекеттік корпорация мамандары, банкирлер қандай да бір жауапкершілікте болмайды. Қазақстанда қызметі мүлде реттелмеген риэлторлардың жауапкершілігі туралы мәселені ешкім ешқашан көтерген емес.
Нотариустар өздерінің проблемалары туралы ешқашан ашық айтқан емес, дегенмен келелі проблемалар бізде де көп, бұл мүліктік, ұйымдастырушылық және құқықтық сипаттағы проблемалар. Алайда, нотариустардың табысы туралы мәселе кейде жағымсыз қызығушылықты туғызып жатады, бұл ретте нотариаттық қоғамдастықтың мемлекет бюджетіне қосып жатқан үлесі ескеріліп жатыр ма?
Нотариус азаматтардың құқықтарын, олардың меншік құқықтарын қорғайды, бұл өз кезегінде сот дауларын азайтуға ықпал етеді және тұтастай алғанда мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігі мен тұрақтылығына оң әсерін тигізеді. Соңғы жылдары азаматтық-құқықтық қатынастарды реттеудегі нотариустың рөлі, сондай-ақ корпоративтік қатынастардағы нотариустың рөлін күшейту маңызды болып отыр, бұл азаматтардың мүлкімен де, бизнесте де алаяқтық әрекеттерді, рейдерлік тартып алуды азайтуға ықпал етеді.
Қорытындылай айтқанда, азамат нотариалды куәландыруды талап етпейтін мәмілелерді куәландыру үшін нотариусқа жүгіну қажеттілігі туралы өзі шешім қабылдауы тиіс. Бірақ кез-келген жағдайда нотариаттық қорғауға жүгінген адам нотариаттық акт оның құқықтары мен мүдделерін сенімді түрде қамтамасыз етіп, заңды тәуекелдерден қорғайтынына сенімді бола алады.
Астана қаласы Нотариаттық палатасының төрайымы Айкешева Айгерім Мұратқызы